© 2019, РУХАНИ ҚАЗЫНА. Все права защищены.

Алматы облысының Қарабұлақ ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Бүгін Алматы облысының Қарабұлақ ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Бұл — облыста ашылып отырған 10-шы спорт кешені.

Облыс әкімі А.Баталов алдымен бұл нысанның Елбасының 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы және Президенттің Жолдауындағы барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмаларына сәйкес ашылып отырғанын тілге тиек етті.


— Заманға сай дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы — көптен күткен қуанышты жаңалық. Бұрын Қарабұлақтың спортшы жастары арнайы орын болмағандықтан, спорттық ойындарды тұрмыстық залдарда, жертөледе өткізіп жүретін. Бұл өңірдің, әсіресе, волейбол ойнаудағы шеберлігі маған жақсы таныс. Енді, міне, осындай зәулім, кең, барлық жағдайы жасалған спорттық кешенде жаттығып, жастарды тәрбиелейтін боласыздар. Бүгінгі күні Бақанаста, Нарынқолда, Балпық биде осындай кешендер іске қосуға дайын тұр. Ескелді ауданында ашылып отырған бұл нысан — облыста салынған 10-шы спорттық кешен. Өздеріңіз көріп тұрғандай, далада трибунасымен футбол алаңы да жасалған. Елбасымыз бен Президенттің тапсырмасына сәйкес келесі жылы да осындай жұмыстар жалғасады, — деген Амандық Баталов жаңа спорттық-сауықтыру кешеніне Hyundai шағын автобусының кілтін сыйға тартты. Енді балаларды спорттық жарыстарға тасымалдауда қиындық болмайды. Дәл осындай автокөлік барлық аудандардағы спорт мектептеріне беріледі.


Облыс әкімі Амандық Баталов бокс, күрес, тренажерлық залдарға кіріп, спортты серік еткен балалармен тілдесті, оларға бокс қолғаптары, күреске арналған спорттық киімдер үлестірілді. Ардагер споршылар волейболдан жолдастық кездесу өткізіп, ойын көрігін қыздырды.

Жалпы Қарабұлақтағы бұл кешен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынды. Мұнда барлық қажетті спорттық заманауи құралдар бар. Жекпе жек және күш қолданылатын спорт түрлеріне арналған бұл әмбебап дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бокспен, күреспен, дзюдомен, таеквондомен, ауыр атлетикамен футболмен және волейболмен айналысуға барлық мүмкіндік жасалған.