© 2019, РУХАНИ ҚАЗЫНА. Все права защищены.

Шолпан Ееснқұл қажы келіні: Аталарымның бәрі қазаққа болсын деп өткен жандар екен

1899 жылы іргетасы қаланған «Мамания» мектебіне 120 жыл толып отыр. Жетісу даласындағы алғашқы қазақ мектебі болған білім ордасының тарихы өзінше қызық.

Еліңнің, туған жерінің тарихын жазуға ынтаң артқан сайын беймәлім дерек, жаңа мәліметті парақтар ашылып, дүниетанымың да арта түседі екен. Жетісудағы «Мамания» мектебі және ағайынды Маман, Тұрысбек балалары туралы көркем шығарма жазуға ниет еткеніме біраз жылдың жүзі болып қалды. Ақсүйек әулеттің көзі тірі ұрпақтарымен кездесіп, мәлімет жинап, қолдағы деректерді салыстырып жүргенде, белгілі жазушы Шәкен Күмісбайұлы ағамнан Маман әулетінің немере келіні Шолпан әжеміздің арамызда жүргенін естіп, телефон нөмерін алып едім. Сөйтіп қазыналы қартқа қоңырау шалып, «шайтанқұлақ» арқылы өткен-кеткен күндерді еске алып, кездесуге уағдаластық.  2 шілде (2019 жыл)  күні Алматыға  Шолпан әжемен сұхбаттасып, батасын алу үшін һәм тарихи естеліктерді есту үшін арнайы келдік.

Шолпан әже деп отырғаным – атақты Есенқұл қажы Маманұлының келіні, Адай Есенқұлұлының жамағаты. Сүйегі асыл әжеміздің жасы тоқсаннан асқан екен. Қызығы мен шыжығы, қуанышы мен қайғысы қатар жүрген тағдырдың тезінен өткен тарих куәгері. Қырық жылдан астам уақыт педагог болып, оқу, тәрбие ісіне мол үлес қосқан ардақты жан. «Шолпан әже» деп есікті қаққанымда, «Айналайын, төрлет!» деп жылы ізет білдірген әжеміздің айтқан әңгімесі әсерлі.

Әже, атақты әулеттің келінісіз. Бүгін, міне, шүкір азат елміз. Өткен тарихымызды, жүрген жолымызды ұлттық көзқараспен жазуға ниет етіп жүрміз. Шынайы әрі нанымды, қоспасыз қылып. Сізден аруақты аталарыңыз туралы сұрасам деп келіп отырмын.

Шолпан әже: Айналайын, балам! Мен Жамбыл облысының тумасымын. Балалық шағым Жамбыл да, сосын Бішкек те өтті. Кейін Алматыға оқуға түстім. Жолдасым Адай әкесі «халық жауы», «бай-феодал» деп айдалып кеткенде, небәрі төрт жаста болыпты. Әкесі туралы ештеңе білмепті. Жетім өскен. Анасы  Хадиша – Жетісуға танымал болған Қоңыр төренің қызы еді. Әкесі Орынборға айдалып кеткенде, Хадиша төрт баласымен қалып, аман-есен жеткізіпті. Енеміз он саусағынан өнер тамған шебер, ісмер кісі болған екен. 1931-1932 жылдардағы ашаршылық қырғынынан балаларын аман алып қалыпты.

Шолпан апа.jpg

Шолпан әже және сұхбат алушы Е. Тоқтарбай

Біз Адай екеуіміз 1953 жылдың тамызында Алматы облысының Талғар ауданы, Калинин колхозындағы №70 орта мектепте таныстық. Екеуіміз де оқуды бітіре сала жолдамамен осы мектепке келіппіз. Мен ЖенПИ-ді бітірдім. Адай атаң КазГУ-ды бітірген. Алғашында Адайдың кім екенін, қандай отбасыдан шыққанын білмедім. Кейіннен таныса келе оның оқыған, өскен, өнген әулеттен шыққанын білдім. Ағасы Ыбырайым Маманов – профессор, ал  әпкесі Халида Маманова – медицина ғылымының докторы екен. Әкесінің айдалып, сотталғанын кейіннен білдім.

1953 жылдың соңында екеуіміз шаңырақ көтеріп, отбасы болдық. Елу үш жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрдік. Адекеңнің өмірден өткеніне де он екі жыл уақыт өтіпті.

Аталарымыз туралы Адекең көзінің тірісінде естіп-білгенін хатқа түсіріп, көзкөрген үлкендерді аралап, естелік жинап жүрді. Бірақ көзінің тірісінде ата-бабасы туралы жазған кітабын шығара алмай кетті. Жолдасымның артына қалған мұрасын түгендеп, аманат етіп, 2007 жылы «Қазақтың Нобелі» деген кітабын шығардым. Бұл кітапта Есенқұл қажы Маманұлының әулеті, тағдыры, ұрпақтары туралы көптеген тың деректер бар.

Біздің арғы атамыз Маман ата Қалқабайұлының бірнеше әйелі болған. Совет үкіметі орнағанға дейін дәулеті асқан, байлығы мол, мал-мүлкі асып-тасқан әулет болған. Үкімет басына шолақ белсенділер келген соң, ата-бабамыздың тұрағы болған Қарағаш қаласын өртеп жібереді. Мал-мүлкі талан-таражға түсіпті. Ұрпақтарының көбі айдауға кеткен. Итжеккенге кеткен соң, мүлде хабар үзіліпті. Өз атамыз Есенқұл қажының бейітінің қайда екенін де білмейміз. Кейбір ұрпақтары Қытайға асып, арғы бетте өмір сүргенге ұқсайды.

Әже, «Мамания» мектебін кім салдырған өзі? Дау-дамайы көп мәселе екен. Арамызда тірі жүрген Маман әулетінің үлкені өзіңізсіз ғой, осы түйткілді мәселенің ақ-қарасын ашып берсеңіз…

Шолпан әже: Марқұм Маман атамыздың көп әйелі болған ғой. Күндестік деген – қазақтың қанында бар жаман нәрсе. «Ананың баласы мынаның баласынан неге кем, неге артық» деген сыңайлы әңгімелер болған соң, әр түрлі талас болады да. Ақиқатында біреуі малын берген, біреуі қаржысын салған. Ал біреуі болса Қазанға, Уфаға барып оқу-әдістемелік құжаттарын әкелген.

Қайынағам Ыбырайым марқұм сөздің әділін айтатын-ды. Ол кісі сол мектепте оқыған, тарихты өз көзімен көрген ғой. Сол кісінің айтуынша, Маман бабаның өсиетімен Тұрысбек атам медресенің негізін қалап, салдырыпты. Ал Сейітбаттал атам болса, сол үрдісті жалғастырып, мектептің құрылысына керекті материалдарды жеткізіп берген екен. Негізінде Маман бабамның қай баласы болса да әулетті, дәулетті болған. Мектеп салдыру ісінде бәрінің де үлесі бар. Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұлдарды бір-бірінен бөліп, жаруға болмайды. Тұрысбек пен Сейітбаттал аталарымыз бірінен соң бірі дүниеден өткенде, мектептің ары қарайғы ісін Есенқұл атам жалғастырған.

Маман бабамның қай баласы болса да қазақ жастарының оқуына, өсуіне, азамат болуына ықпал еткен жандар. Тағы да қайталап айтайын: мектептің салыну ісінде барлығының күші бар. Мұғалімдерді жалдаған, олардың бар шығынын, қаржысын көтерген Есенқұл қажы екені рас. Дау-дамай шығарып, аруақтардың құлағын шулатқаннан кім не ұтады? Менің айтарым – осы. Улап-шулап жүрген ағайындарымыз осы сөзіме тоқтайтын болар. Тоқтамға келмесе, өздері білер…

Әже, осы мектептің оқу-әдістемелік жұмысында ақыл-кеңес, бағыт берген Барлыбек Сырттанұлы болыпты ғой. Барлыбек Есенқұлдың ағасы, Сейітбатталдың замандасы, Тұрысбектің інісі екен. Бір атадан тараған туыстар екен. Естуімізше, Қарағаш қаласына Алаштың оқығандарының бәрі келіп, қонақ болып, мектептегі шәкірттермен кездесіпті.

Шолпан әже:  Иә, рас. Барлыбек Маман балаларымен тығыз қарым-қатынаста болған. Мектеп идеясын көтерген сол білімі зор атамыз екен. Алаштың азаматтары ала жаздай келіп, Байқажының жайлауында қонақ болып жатыпты. Сыйлы қонақтарын бүткіл ауыл болып күтеді екен. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жақып Ақбайұлы сынды сол замандағы зиялылар, оқығандар Қарағаш жұртымен кездесіп, тағылымды әңгімелерін айтқан. Асылдар келіп, ел алдында сөйлегенде, тыңдаушылардың бәрі үн-түнсіз отырады екен. Ыбырайым ағамыз сол кісілердің әңгімесін тыңдағанға ұқсайды. Есенқұл атам сол зиялыларды қаржылай қолдап отырыпты. Қарағаш қаласына «Айқап», «Қазақ» басылымдары да келіп тұрған екен. Мектеп оқушылары да газет, журналды жақсы оқыған ғой.

Әже, Ыбырайым ата демекші, бұл кісі Қарағашта совет үкіметінің қалай орнағанын өз көзімен көрген адам ғой. Қызылдардың мектепті қалай өртегенін айтып па еді?

Шолпан әже: Ыбырайым ағамыз да айдалған екен. Сібірге жер аударған. Әйелі екеуі бірге кеткен. Ол кісінің баласы жоқ. Сібірдегі бір татардың үйінде тұрып, соның отынын жарып, күлін шығарып, қорасын тазалап күн көрген ғой. Қазақша айтқанда, біреуі сол үйдің құлы, біреуі күңі болыпты. Бес жыл Сібірдің өтінде жүргенде, текке жүрмепті. Түйсігі бар адам ғой, сол кездің өзінде ғылыммен айналасып, ата-бабасының тарихын зерттеп, зерделеп қағазға жазып жүріпті. Соны кейін бізге айтып отыратын. «Халық жауының баласы», «Байдың баласы» деп айдалыпты. Қаланы күндіз емес, түнде өртеген дейді. Қалай өртегенін айтқан шығар. Қазір жасым тоқсаннан асты, есіме түспей отыр. Заманында айтқан болуы мүмкін (Осыны айтқанда апамыз көз жасына ерік берді – Е.Т.).

0Z9A7528.jpg

Шолпан әже, жары Адай Есенқұлұлы және немересі

Осы жасқа келіп, өткен уақытты ойлап, қарап отырсам Маман Қалқабайұлы бабамнан тараған ұрпақтарының бәрі қазаққа болсын деп өткен жандар екен. Тіпті сол Маман бабаның түп аталары Қаптағай да, Матай да, Бөрібай да аты шыққан батырлар болыпты. Жерімізді жаудың басқыншыларынан қорғаған ерлер екен. Қыдыралы бабамыз би болыпты. Батыр да, би де шыққан текті әулет емес пе. Маман балаларының бәрі де қажы, иманды жандар болған екен. Дәулетімен, байлығымен еліне қорған болыпты дейміз. Бірақ заман ауысып, билік өзгергенде, бұл құтты әулеттің қадірі қашқан екен. Тағдыр ғой енді…

Осындай әңгімелерді көзім көрген қайынағаларым айтып отыратын. Мәжит ағам да, Ыбырайым ағам да, Уахит ағам да бәрі мәдениетті, білімді кісілер еді. «Айналайын, Шолпан қарағым!» деп отыратын бәрі. Уахит ағамыз желдіріп, қосып сөйлейтін кісі еді. Ол кісі соғыс жылдарында Германияда болыпты.

Әже, Уахит атамыз сол Германияда тұтқында болғанда алаш арысы Мұстафа Шоқайды көрген бе? Сол жағын айтсаңыз…

Шолпан әже: Ол жағын нақты білмеймін. Адекең бұл кісіні «Мұстафа Шоқайдың әйелінің үйінде болып, Мәриямға сәлем берген» деп отыратын.

Әже, ортамызда тірі жүрген Маман, Тұрысбек, Есенқұл ұрпақтарымен араласып тұрасыз ба?

Шолпан әже: Расын айтайын, Адекең өмірден өткен соң, ешкімнің үйіне өзім бармаппын. Жасым да келген кісімін. Өздері келіп, сәлем берсе, есігіміз қашанда ашық. Ешқайсысы телефон соғып, хабарласпайды. Өздері хабарласпаған соң, кімге хабарласып, жармаңдай беремін. Ешкім мені іздемейді. Іздемеген соң, мен де үнсізбін. Соңғы жылдары шаршап қалдым. Денсаулығым да сыр беріп жүр. Аман болсын деп тілеймін! Ағайын-туыстың көңілі де, дастарханы да тар болса, араға жік түседі екен. Ешкімге жамандық тілемеймін. Совет заманындағы кикілжіңдер үшін ешкімге реніш артпаймыз.  Атасын баласына, ағасын інісіне қарсы қойған саясаттың салқыны әлі күнге дейін кесірін тигізіп отыр емес пе. Маман, Тұрысбек, Есенқұл балаларының арасына осындай іріткі түсті. Себебін айтсам, Есенқұлдың балалары да, өзі де жамағатымен қоса айдалып кетті. Тұрысбек атамыздың балалары жан сақтап, арғы бетке кетті. Осындай әр түрлі мәселелер ағайын арасына араздық түсірген екен.

Әже, «Қазақтың Нобелі» кітабын шығардыңыз. Осы кітапқа енбей қалған деректер бар шығар…

Шолпан әже: Иә, болуы керек. Бұл кітапты шығарғанда кішкене ширақтау едім ғой. Ақылым түгел, санам орнында еді. Білгенімнің бәрін осы кітапқа кіргіздім. Қазір кішкене ұмытшақтаумын. Бұрынғыдай жаза алмаймын. Ойлай алмаймын да. Адамның жасы келген соң, санасы да, миы да азайып кетеді екен. Егер танысып көремін десең, мына қоңыр шкафта құжаттардың барлығы тұр. Алып, танысып көр.

PS: Шолпан әженің қоңыр шкафын ашып, құжаттарды Оқ, әрбір қағазбен, фотолармен жеке-жеке танысып, оқығанымда, совет заманындағы Маман, Тұрысбек балаларының тартқан қасіретін, шеккен азабын көргендей, сезгендей болып, денем түршігіп отырды. Құжаттардың арасында марқұм Адай Есенқұлұлының күнделіктері, ақсақалдардан жазып алған шежіре, баба тарихы туралы мол деректер бар екен. Расында «Қазақтың Нобелі» кітабына енбей қалған деректер де көп екен. Биыл Маман зәузаты салдырған Қарағаштағы мектептің ашылғанына 120 жыл. Жетісуға білім дәнегін сепкен, имандылық отауына айналдырған сойы бөлек ерлер туралы сөз әлі де жалғасады. Тарихи құжаттарды сұрыптап, оқырман игілігіне беру, ғылыми айналымға енгізу керек.

Шолпан әже екеуіміз сұхбаттасып отырғанда ұлы Серік Адайұлы келді. Үшеуіміз тағы да ескі құжат тігінділерін бірге қарап, әженің әңгімесін тыңдадық. Сосын мен осы әулеттен марқұм болған жандардың рухына құран оқып, дұға еттім. Әжем маған талай тарихты ішіне бүккен ескі қағаздарды аманаттап беріп, ақ тілеуін білдірді.